2025 жылы қай айда демалысқа шыққан тиімді? — Заңгер кеңес береді

Келер жылы еңбек демалысын қашан жоспарлаған дұрыс? Бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Осыған байланысты заңгер Сабира Салимова 2025 жылы ең тиімді демалыс айларын атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпараттық агенттігі.

Маманның айтуынша, демалысқа шығатын айды дұрыс таңдасаңыз, төленетін еңбек ақы көлемі де арта түседі. Себебі бұл төлем орташа күндік табысқа негізделіп есептеледі. Яғни ай ішіндегі жұмыс күндерінің саны неғұрлым көп болса, соғұрлым төленетін ақы да жоғары болады.

«Демалысқа шығарда мерекесі аз, жұмыс күні көп айды таңдауға кеңес беремін. 2025 жылы ең тиімді айлар — сәуір, шілде, қазан және желтоқсан. Бұл айлардың әрқайсысында 22 жұмыс күні бар. Сондықтан осы уақытта демалыс алсаңыз, еңбекақыңыз да көбірек болады», – дейді заңгер.

Сондай-ақ, тамыз және қыркүйек айларында да демалыс алған тиімді. Бұл айларда 21 жұмыс күні болғандықтан, демалысқа төленетін ақы біршама жоғары болмақ.
Ал демалыс үшін тиімсіз айлар да бар. Оларға:
• Наурыз (17 жұмыс күні),
• Мамыр (19 жұмыс күні),
• Маусым (20 жұмыс күні) жатады.
Бұл айларда мереке күндерінің көптігіне байланысты, еңбек демалысына төленетін ақы мөлшері де азаяды.
Заңгер демалысты жоспарламас бұрын өндірістік күнтізбеге көз жүгіртіп, жұмыс күндерінің санына назар аударуға кеңес береді.