Өлімге итермелеу бабы: Ақтауда 50 жастағы ер адам көп қабатты үйдің терезесінен секіріп кетті

30-шағынаудандағы «Інжу» тұрғын үй кешенінде ер адам көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен. Оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaq.today Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, қайғылы жағдай 13 сәуірде болған. 1974 жылы туған азамат пәтердің терезесінен секіріп, төменде тұрған автокөлікке құлаған. Алдын ала нұсқа бойынша – суицид.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді, – деп мәлімдеді ведомство.

Егер өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе соған азғыру дәлелденсе, айыпты тұлға 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, суицидті насихаттау да қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.