«Путин — бірінші, Байден — екінші және Зеленский»: Трамп Украинадағы соғысқа кінәлілерді атады

14 сәуір күні Ақ үйде Сальвадор президенті Наиб Букелемен кездесуі барысында АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа үш адамды кінәлі деп атады, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Миллиондаған адамның өліміне үш адам кінәлі — айталық, бірінші — Путин, екінші — Байден, ол не болып жатқанын мүлде түсінбеді, және Зеленский», – деді Трамп.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Зеленскийдің Украинаға әскери көмек сұрауына сын айтты.

«Егер сен соғыс бастағалы тұрсаң, онда жеңе алатыныңды білуің керек. Өзіңнен 20 есе үлкен елге қарсы соғыс бастап, кейін адамдар саған зымырандар береді деп үміттенбеуің керек», – деді ол.

Бұған дейін Truth Social желісінде Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты өзінің алдындағы президент — Джо Байденнің соғысы деп атап, өзі бұл қақтығысқа қатысы жоқ екенін, бірақ өлім мен қиратуды тоқтату үшін барынша тырысып жатқанын жазған.

Трамптың пікірінше, Зеленский мен Байден «бұл былықтың басталуына жол беріп, өте нашар жұмыс атқарды»:

«Байден де, Зеленский де бұны тоқтата алар еді, ал Путин бұны ешқашан бастамауы керек еді. Барлығы кінәлі. Бұған жол бермеудің көптеген жолы болған, бірақ енді бұл – өткеннің еншісінде».

«Қазір біз мұны шұғыл түрде тоқтатуымыз керек», – деп қосты АҚШ президенті.

Бұл Трамптың Украина президентін сынап отырған алғашқы реті емес. Бұған дейін де ол Зеленскийді «сайлаусыз диктатор» деп атап, АҚШ бөлген ақшаның жоғалуына оны кінәлаған еді.