Өскеменде 7 балға дейін жер сілкінуі мүмкін

Өскемен қаласында жер сілкінісінің ықтимал зардаптарын бағалайтын қауіпсіздік паспорты жарияланды. Сол құжатқа сәйкес, 7 балға дейінгі жер сілкінісі кезінде 9 768 ғимарат қирауы мүмкін, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы KAZINFORM басылымына сілтеме жасап.

Шығыстағы қала сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Мұнда одан бөлек, сейсмикалық нормалар ескерілмей салынған тағы 788 нысан қауіпті аймақта тұр.

Оның үстіне Өскемен аумағында бірде-бір стационарлық сейсмикалық станция тіркелмеген.

ШҚО Құрылыс басқармасы жобалық-сметалық бөлімінің басшысы Гүлмира Сәтбаеваның айтуынша, облыста ғимараттарды бекіте түсу бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

«Келесі кезең – тұрғын үйлерді паспорттау. Қала сейсмикалық қауіпті аймақ деп танылғанға дейін салынған әлеуметтік маңызы бар нысандар мен көпқабатты үйлерге ерекше көңіл бөлінеді», – дейді Гүлмира Сәтбаева.

Төтенше жағдайлар департаменті Шығыс Қазақстанның таулы өлке екенін еске салды. Соңғы екі жылда мұнда онлайн режимде жұмыс істейтін 12 сейсмикалық датчик орнатылды. Барлық дерек автоматты түрде Алматыдағы орталық обсерваторияға жіберіледі.

«Сейсмикалық датчиктер тіпті әлсіз жер асты дүмпулерін тіркеп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – дейді ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева.

Өңірдегі соңғы қуатты жер сілкінісі 1990 жылы Зайсан ауданында болған. Ол кезде 9 мыңға жуық үй қирады. Жер сілкінісінің ошағы Біржан ауылының маңында болған еді.