Бас сүйегі, білегі сынған: Ақтауда сәбилердің терезеден құлауы көбейді

Соңғы бес күнде Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына терезеден құлаған үш бала түскен. Дәрігерлер ата-аналарды жауапсыздығын айтты, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтауда балалардың терезеден құлауы тым жиілеп кеткен. Сәуір айының бес күнінде Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына ауыр жарақатпен үш бала түскен.

3 сәуірде жедел жәрдем көлігі 19-шы шағын ауданнан төрт жасар қызды әкелді. Ол шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Диагностикадан кейін шұғыл түрде операция үстеліне жеткізілді. Қазір баланың жағдайы өте ауыр, бірақ жағдайы жақсаруда.

“6 сәуір күні кешке Маңғыстау станциясынан төртінші қабаттан құлап кеткен бес жасар бала түскен. Дәрігерлер жабық бассүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, жамбас сүйегінің сынуы, сол жақ жамбастың ығысуы арқылы сынуы деген диагноз қойды.

7 сәуірде кешкі уақытта жедел жәрдем ауруханаға 3 жас 7 айлық баланы әкелді. Ол 22-шағын аудандағы ғимараттардың бірінің бесінші қабатының терезесінен құлап кеткен”, – деді балалар ауруханасының нейрохирургі, жоғары санатты дәрігер Ербол Кенжевалов.

Бала жерге жетпей, үшінші қабаттың терезе алды тақтайына түскен. Оған жабық бассүйек-ми жарақаты, маңдай сүйегінің сынуы, мидың орташа контузиясы, оң жақ білегінің жабық сынуы деген диагноз қойылды.