Экологияға келтірген зияны үшін «Қазмырышқа» 45 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Бұл туралы Алтай аудандық соты баспасөз қызметініне сілтеме жасап, Qazaq.today хабарлайды. 

Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық сотымен «Қазмырыш» ЖШС «Алтай»» КБК  Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі (Шығарындылардың технологиялық нормативтерін, төгінділердің технологиялық нормативтерін асырып жіберу, сол сияқты қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін жұмыс істеп тұрған объектіге жаңадан берілген экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асыру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы  бас мемлекеттік экологиялық инспекторының қаулысына Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының наразылығы бойынша шағымы қаралған.

«Қазмырыш» ЖШС инспектордың қаулысымен кінәлі деп танылып,  256 615 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалған.

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры айыппұл сомасының дұрыс есептелмегендігіне байланысты қаулыны өзгерту туралы наразылықпен сотқа жүгінді.

«Қазмырыш» ЖШС «Алтай» КБК қатысты тексеру туралы акт негізінде 2020 жылғы қарашаның 28-нен 2022 жылғы шілденің 22-не дейін ЖШС профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізген.

Алтай аудандық сотының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының наразылығы қанағаттандырылды.

«Қазмырыш» ЖШС «Алтай» тау – кен байыту кешенін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы инспектордың ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі бойынша қаулысы өзгертілді, «Қазмырыш» ЖШС «Алтай» тау – кен байыту кешеніне тағайындалған айыппұл 256 615 теңге сомасынан 44 824 241 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Qazaq.today