«Қолдамасаңда, бөгет жасама»: Министр Балаеваға «Қазақстан анимациялық киностудиялар Қауымдастығының” басшысы қарсы шықты

Фотоколлаж: Qazaq.today

Аида Балаеваның әрекетін тағы бір режиссер сынға алды. Мәдениет және ақпарат министрінің мәлімдемелелерін «Қазақстан анимациялық киностудиялар Қауымдастығының” басшысы Оразалы Жәнібек жоққа шығарды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Оның сөзінше, министрдің анимациялық киностудиялар жайлы түсінігі теріс немесе жанындағы адамдар бұрыс мәлімет берген.

«Соңғы кездегі ұлттық анимация төңірегіндегі дау-жанжалдан аулақ болып, алаңсыз шығармашылықпен айналысқым келген. Бірақ, сіздің жазбаңызды оқып, өз пікірімді жазуға мәжбүр болдым.

Министр ханым! Сіз өз жазбаңызда “ ….Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ….” депсіз!

Бұл сіздің өз ойыңыз ба? Әлде айналаңыздағылар солай деп информация айтты ма? Бұл сөз Қазақстандағы барлық анимациялық киногерлердің еңбегін жоққа шығарып намысын таптау. Білмесеңіз айтайын», — деп бастаған қауымдастықтың басшысы министр Аида Балаеваға қарсы өзінің дәлелдерін келтірген.

Оның сөзінше, 2022 жылы Маржан Жұбаныш пен Үміт Жұбаныштың “Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін” анимациялық фильмі Жапонияның Токио фестивалінде бас жүлдені жеңіп алса, 2023 жылы Қытайдың атақты “Алтын панда” фестивалінде үздік ондыққа кірді. Ал режиссер Ділшат Рахматулинның “Бесік жыры” қысқаметрлі анимациялық фильмі Испанияның Мадрид қаласында өткен халықаралық фестивальде 1500 анимациялық фильмнен топ жарып бас жүлдені жеңіп алды. Индия, Түркия, Англия елдерінен де жүлделі оралды.

«Бұл еңбектерді Мәдениет министрлігі сапалы деп бағаламаса да еліміз үшін үлкен мақтаныш! Олимпиада чемпионы болғанмен бірдей жеңіс. Анимация мамандарымыздың білімі мен біліктілік деңгейлері өте жоғары екендігіне айқын дәлел. Ал режиссер Мейіржан Сандыбайдың “Шырақ” фильмінің еншілеген жүлдесі мен бағасы өз алдына бір төбе.

Қауымдастық өткізіп келе жатқан халықаралық “Әмен” анимациялық кинофестивалі аясында қаншама мүмкіндіктер беріліп, әлемге есік ашылып жатыр. Қазақстанның бүгінгі ұлттық анимациясының деңгейі Түркия, Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан, Әзербайжан қысқасы түркі тілдес елдер ортасында топ бастап тұрғаны айдан анық. Барлық елдің мамандары мойындайды. Еліміздің көптеген талантты мамандары мен студиялары шетелдің АҚШ, Қытай, Еурпа, Ресей, БАӘ, Түркия сияқты елдердің анимациялық тапсырыстарын істеп келе жатыр. Бұның бәрі де біздегі мамандардың тәжірибесінің молдығын, сапа деңгейінің жоғары екендігінің дәлелі. Әлемге танымал Франциядағы “Rubica”анимациялық академиясы Қазақстаннан өз оқу орындарын ашуға қызығушылық танытып келісімін бергенінің өзі бізге, біз жасаған сапаға деген сенімінің нәтижесі. Олардың бәрін тізе берсем бүгін жазып бітпеспін», — деп жазды Оразалы Жәнібек.

«Қазақстан анимациялық киностудиялар Қауымдастығының” басшысы анимациялық кино өнерінде талантты, білікті мамандар баршылық, олар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр деп санайды. Ол министрден өздерін қолдамаса да, жұмыстарына кедерегі жасамауды өтінді.

«Министр ханым, ӨТІНІШ! Сіз біздің жетістіктерімізді қолдамасаңыз да, кедергі жасамаңызшы. Анимациялық кино өнері сәби бала сияқты пәк өнер. Сүйіспеншілік пен қамқорлыққа мұқтаж өнер. Әрбір секундқа апталап тер төгіп, жапа машақатпен жасалатын, нағыз шеберлікті, табандылықты қажет ететін өнер! Осыншама еңбекпен жасалып әлем мойындаған жұмыстарымызды “сапасыз “ деп жоққа шығарып, өз министіріңнің мойындамауы біз үшін қаншама ауыр екенін сезсеңіз ғой. Жарайды, ол жағы өз еркіңіздегі шешім.

Сіз жазбаңызда “Казіргі уақытта Елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт — «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді.”- депсіз.

Менің де, маған дейінгі анимациялық киногерлердің де сары уайымына айналған осы мәселенің ашық талқыланбауы. Мамандар пікірімен есептеспеуі болып отыр. «Қазақанимация» сіз айтқандай өндірістік база емес болғанымен, қандай анимациялық жобаларды жасау керектігін, нені істеп нені істемеу керектігін тікелей “Қазақанимация” шешеді. Сондықтан тек контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым деп қарау қате», — деді ол.

“Қазақанимация” ШБ қайтадан жаңарып құрылатын кезде де шенділердің мамандар пікірімен есептеспей, қауымдастықтармен ақылдаспай іс әрекет жасағандықтары үшінқателіктер кеткен. Ең сорақысы “Қазақанимацияда” толықметрлі анимациялық фильм жасау, анимациялық сериал жасау құқықтары жоқ. Мамандармен ақылдаспай шешкен шешімнің нәтижесі осы.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген аталы сөзді түсініп, мамандар пікірін дұрыс қабылдап, кездесіп, ортақ шешімге келген дұрыс деп ойлаймыз. Ең бастысы Қауымдастық ат тонын ала қашатындай министрліктің жауы емес. Бірге кеңесіп, оң шешім қабылдауға дайынбыз.

“Қазақанимация” 1965 жылы Әмен Қайдар атамыз Қазақфильмге келген кезде ақ ірге тасы қаланған. Содан бері 60 жылдық тарихы бар киелі қара шаңыраққа айналған бұл жерде көптеген ардагер анимациялық режиссерлардың ізі қалған, бүкіл одаққа аты дүркіреп, 1974 жылдары Уолт Дисней кампаниясынан бастап белды анимация студиялардың өкілдері мен танымал режиссерлері Алматыда бас қосып, ең үлкен халықаралық анимациялық симпозиум өткен. Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б республикалардың анимация саласының мамандары Қазақфильмдегі анимациялық шеберханаға келіп тәжірибеден өткен.

Осындай тарихи маңызы бар жылы орнынан жылжыту қаншалық маңызды? Егер өз алдына дербес меншік орны болса керемет ақ! Ал Астанаға көшіп бір ғимараттың 2-3 қабаттарын жалға алып көшіп қонып жүру қаншалықты тиімді?

Алаңдайтын жөніміз бар. Осындай кезде кезінде Алматыда дүркіреп тұрған қуыршақ театрын, республикалық қыламыз деп Астанаға көшірген сәт есімізге түседі. Ең соңында қалалық мәртебе алып, тар бөлмеге тығылып бас көтере алмай келе жатқаны баршамызға аян. “Қазақанимацияға” да сол күн тумаса екен дейміз. Не істесеңіздер де мамандармен, қауымдастықтармен ақылдасып шешсеңіздер. Бір бірімізді тыңдасақ. Ортақ оң шешімді жасасақ деген ізгі тілек», — деді «Қазақстан анимациялық киностудиялар Қауымдастығының” басшысы Оразалы Жәнібек.