Кездесу барысында өңір басшысы спортшының халықаралық аренадағы жетістіктерін жоғары бағалап, оның қазақ боксының дамуына қосқан үлесін атап өтті, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Назым Қызайбай – Қазақстан спортының жарқын жұлдызы. Оның қажырлы еңбегі мен ерік-жігері жастарға үлкен үлгі. Біз өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға және спортшыларымызды қолдауға әрдайым дайынбыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Назым Қызайбай 2014 және 2016 жылдары бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алған. Ал 2025 жылы Сербияның Ниш қаласында өткен әлем біріншілігінде 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, ол үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы болды.
Бұдан бөлек, спортшы 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында 50 келі салмақта қола жүлдеге ие болған. Сонымен қатар, Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі халықаралық жарыстардың жүлдегері.
«Мен үшін әр жеңіс – Қазақстанның абыройы. Алдағы уақытта да ел сенімін ақтау үшін барымды саламын», – деді Назым Қызайбай.
Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев спортшыға алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.