«Ажырасқансың деп тойға шақырмайтын»: Айнұр Тұрсынбаева жан сырын ақтарды

Қазақстандық танымал айтыс ақыны әрі коуч-психолог Айнұр Тұрсынбаева ажырасқаннан кейін өмірінде қандай қиын кезеңдерді өткергенін баяндады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Фото: Astana TV

«2016 жылы Меккеге өте ауыр күйде бардым. Ажырасқан соң қарызым көп болды. Сол жерде отырып жылап, «Алла, мені берушілер қатарына қосшы. Сен үшін мені қуантудың еш қиындығы жоқ қой» деп дұға еттім. Бірақ тілегімнің қабыл боларына сенбедім. Өмірім осылай қиындықпен өтеді деп ойладым», – деді айтыскер ақын.

Оның айтуынша, ажырасқаны үшін бұрынғыдай тойға да шақырылмай қалған.

«Кейде тиын үнемдеу үшін пойызбен жүретінмін. Сонда жолсеріктер танып, тегін шай мен тамақ беріп, көңілімді аулайтын. Бизнесті бастайтын ақшам болмады, сатуға жарайтын тек тұрып жатқан пәтерім ғана бар еді. Айтыста да «қара тізімге» ілігіп қалдым. Қыз ұзатуға 200-300 мың теңгеге шығып жүрген кезім болды. Оның өзінде «ажырасқансың» деп кей тойларға шақырмайтын. Аяғымнан тұруыма жеті жыл қажет болды. Осы уақыт ішінде ақша жан-жақтан келіп, жағдайым түзеле бастады», – деп жазды коуч.