Соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қосымша құн салығының (ҚҚС) көтерілуі. Әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін ауыр соққы болады деген пікірлер жиілеп кетті. Кейбір алыпсатарлар тіпті салық әлі өзгермей тұрып-ақ тауар бағасын қымбаттатып та үлгерді. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алайда елдің алаңдаушылығына негіз жоқ секілді. Өйткені бұл мәселе әзірге тек ұсыныс деңгейінде ғана. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Кеше өткен Сенат отырысында сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл реформаның барша кәсіпкерлерге ортақ еместігін мәлімдеді. Ол ел өңірлеріндегі кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдағанын атап өтті.
Қай салалар ҚҚС-тен босатылады?
Серік Жұманғариннің айтуынша, халыққа тікелей қызмет көрсететін келесі нысандар ҚҚС-ты бұрынғыдай төлемейді:
-
✅ Бөлшек сауда өкілдері
-
✅ Тұрғын үйлерде орналасқан дүкендер
-
✅ Дүңгіршектер мен жайма базар нысандары
-
✅ Шағын мейрамханалар
-
✅ Шаштараздар және тұрмыстық қызмет көрсетуші кәсіп иелері
Бұл кәсіпкерлер бұрынғыдай жылдық айналымы 2,4 млрд теңгеден аспайтын жағдайда 4% мөлшеріндегі жеңілдетілген салықты ғана төлей береді. Қосымша құн салығын (20%) төлеу олар үшін қарастырылмайды.
ҚҚС туралы тараған жалған ақпарат
Жұрт арасында «жылдық табысы 15 млн теңгеден асқан барлық кәсіпкер ҚҚС төлеуге міндетті болады» деген ақпарат тараған болатын. Бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды. Қазіргі таңда нақты қандай кәсіп түрлері ҚҚС-тан босатылады деген сұраққа қатысты Парламент жақын арада нақты тізімді жариялайды. Алдын ала болжам бойынша, бұл тізім 40 санатқа дейін қысқаруы мүмкін.
Сарапшылар не дейді?
Салық реформасына қатысты экономистер де пікір білдіріп жатыр. Қаржы саласының сарапшысы Ерлан Аймағамбетовтің айтуынша, бұл реформаның басты мақсаты – ірі және табысты бизнес субъектілерін салық төлеуге міндеттеу, ал шағын және микробизнеске бұрынғыдай жеңілдік беру.
«Салық жүйесін әділ және нақты бөлу керек. Шағын кәсіпкерлердің иығына ауыр салық жүктеу экономикалық белсенділікті төмендетуі мүмкін. Сондықтан бөлшек саудамен айналысатын нысандардың ҚҚС төлемеуі – орынды шешім», – дейді сарапшы.
Сабыр сақтап, нақты шешімді күтейік
Қосымша құн салығына қатысты қоғамда туындаған түрлі әңгімелерге қарамастан, реформа жобасы әлі де талқылау кезеңінде. Сондықтан алып-қашпа сөздерге сенбей, ресми органдардың шешімін күту маңызды. Бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы кәсіп иелері үшін салық режимінде еш өзгеріс болмайды.