Жол-көлік оқиғасы арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция майорының өмірін жалмады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жантүршігерлік апаттың видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлердің сөзінше, көлікті тізгіндеген полиция майоры оқиға орнында көз жұмған. Автокөлікте оның келіншегі мен баласы да болған.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасының 17 наурызда тіркелгенін растап отыр.
«Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау тасжолында Toyota автокөлігі жолдың қоршауына соғылған. Апат салдарынан 33 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. 26 жастағы жолаушы медициналық көмекке жүгінді, бірақ ауруханаға жатқызылған жоқ. 2024 жылы туған бала ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады полиция департаменті.
Қазіргі уақытта жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Соның нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады.
Фото: Полиция.кз