Фото: видеодан кадр
Асыл Арман тұрғын үй кешенінде орын алған жас келіншектің қазасы жайлы қоғамда түрлі пікірлер толастар емес. Бұл жолы танымал блогер Ұлпан Жеңісқызы пікір білдірді. Ол шәкіртінің қазасы жайлы хабар ауыр тигенін, соттың әділ өту керек екендігін айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Ажар, шәкіртім, қош бол! Жалған өмір-ай. Өз басым «Қыз жарт жұрттық», «Еті сенікі, сүйегі біздікі» дегенмен келіспеймін. Бұрынғы замандағыдай 10-12-ден топырлатып бала тумағаннан кейін қыз балаға ерекше бас көз болу керек. Ажар бір үйдің жалғыз түйір қызы еді. Гүлжан тәтем мен Тәуекел ағама қайғырып көңіл айтамын. Сот әділ өтетініне сенемін», – деп жазды ол.
Өз сөзінде блогер Ажармен қалай танысқанын, оның бет әрлеумен айналысқанын, болашағынан үлкен үміт күттірген пысық қыз болғанын жеткізді. Айтуынша, бірге бірнеше жыл жұмыс істеген.
«Ажар менің командамда 2,5-3 жылдай жұмыс істеді. Өте пысық, дарынды қыз. Бетті керемет әрлейтін. Қасымда біраз жыл жүруін қалағанымда ұзатылып кетті. Тұрмыс құрғаннан кейін жиі хабарласа да алмадық. Әлеуметтік желідегі жаңалықты көрген Шалғын «қарашы, Ажарға ұқсай ма?!» дегеннен кейін назар аударғанда төбемнен жай түскендей болды. Неге 21 жасар қаршадай қыз осындай азапты тағдыр кешу керек?!» – деп түйіндеді ойын блогер.