Шымкентке метро қажет: Мәжіліс депутаты қаланың көлік мәселесін шешуді ұсынды

Шымкентке метро қажет: Мәжіліс депутаты қаланың көлік мәселесін шешуді ұсынды

Шымкент қаласы қарқынды дамып келеді, алайда көлік инфрақұрылымының тапшылығы мен жол кептелісі жергілікті тұрғындар үшін күнделікті қиындыққа айналды. Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы осы мәселені шешудің тиімді жолы ретінде қалаға метро салуды ұсынды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: пресс-служба акимата Алматы

Метро – арман емес, қажеттілік

Депутаттың айтуынша, Шымкенттің халқы мен көлік ағыны жыл сайын өсіп, қазіргі қоғамдық көлік жүйесі жолаушылар легін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл жағдай ауаның ластануына, қала экологиясының нашарлауына және тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуде.

“Метро – бұл жай ғана арман емес, ол нақты қажеттілік. Мысалы, Ташкент қаласында 50-ден астам метро станциясы бар, ал соңғы бес жылда олардың саны онға көбейді. Бұл көлік кептелісін айтарлықтай төмендетіп, қаланың әр ауданы арасында тиімді байланыс орнатуға көмектесті. Алматы, Баку, Тбилиси, Ереван қалаларында да метро бар, олар оны экологиялық таза әрі ыңғайлы көлік түрі ретінде пайдаланады. Шымкент те осы жолмен жүруі тиіс”, – деді Болатбек Нәжметдинұлы.

ЛРТ емес, метро қажет

Депутаттың пікірінше, жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жүйесі Шымкент үшін тиімді шешім болмайды. Себебі ЛРТ жеке қозғалыс жолағын қажет етеді, бұл өз кезегінде көлік кептелісін одан әрі ушықтыруы мүмкін. Сонымен қатар, оның өткізу қабілеті метроға қарағанда төмен, ал экологиялық тұрғыдан да айтарлықтай өзгеріс әкелмейді.

“Қытай тәжірибесіне назар аударуымыз керек. Онда метро жүйелері қысқа мерзімде салынып, құрылыс шығындары барынша оңтайландырылады. Қытайлық компаниялар жаңа технологияларды қолдану арқылы метро құрылысын жедел әрі тиімді жүзеге асыруда. Қазақстан осы тәжірибені зерттеп, өзіне бейімдеуі керек”, – деп атап өтті депутат.

Қоғамдық бақылау және ашықтық маңызды

Осындай ауқымды жобаны іске асыру кезінде ашықтық пен қоғамдық бақылау қажет екендігін де депутат ерекше атап өтті. Ол құрылыс процесінде халықтың пікірін ескеріп, қаржыландыру жүйесін ашық жүргізуді және құрылыс сапасының халықаралық стандарттарға сәйкес болуын қамтамасыз етуді ұсынды.

“Шымкент – болашақтың қаласы. 20 жылдан кейін оны дамыған мегаполис ретінде көргіміз келеді, ал көлік кептелісі мен экологиялық мәселелерден арылу үшін қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет”, – деді Болатбек Нәжметдинұлы.

 

Қаланың болашағы үшін метро жүйесін салу тек көлік кептелісін азайтып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына жайлы әрі тиімді көлік қызметін ұсынудың маңызды қадамы болмақ. Егер жоба жүзеге асса, Шымкент еліміздің дамыған көлік инфрақұрылымы бар қалаларының біріне айналып, тұрғындарының өмір сапасы арта түсері сөзсіз.