Тоқаев елде қосылған құн салығын көтеруге қатысты пікір білдірді

Бурабайда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтіп жатыр. Пленарлық отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесіндегі реформаға тоқталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Тоқаев бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды дейді.

“Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген”, – деп мәлімдеді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады.

“Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиі”, – деп қосты ол.

Тоқаев еле кәсіпкерлердің екі тобы пайда болғанын жеткізді. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер

«Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құрылтайдағы сөзінде ахуалды шұғыл түзеу керегін мәлімдеді.

«Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген. Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек», – деп қосты ол.