Айтыскер ақын, коуч Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желіде орынсыз сұрақ қоюға қатысты жазба жариялады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Ол көпбалалы ана болғысы келгенін, алайда ол арманы әлі орындалмағанын айтты.
“Мен көп перзентім болса деп көп армандадым… Қаралмаған жерім жоқ. Бір жерге барсам «Осы сен неге тағы туып алмайсың?» деп сұрамаса екен деп отыратынмын… Әсіресе, көпшілік жерде.. Жүрегіме біз тығып алғандай әсер ететін… Ал перзент сүйе алмай жүрген қаншама адам бар. Көріп қалсақ, бас саламыз… «Неғып тумай жүрсің?!», «Жас кезіңде туып алсаңшы», «Қашан барамыз шілдеxанаға?!»… Бала күтудің қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін… Жаның жабығып жүргенде осындай сұрақтар одан сайын езіп жібереді-ақ. Әсіресе, жұрттың көзінше…”, — деп жазды.
Айтыскер ақын көпшілікті адамның көңіліне қарап сөйлеуге шақырды.
“Неге жұрттың өмірі қызық?! Не шаруамыз бар?! Ал білдік жауапты, естідік! Бақытты боп кеттік пе? Раxаттанып қалдық па? Қызық па екен?! Әлеуметтік желіде де сол… Көп сұраққа жауап беру – ауыр… Адамның көңіліне қарау да мәдениеттің, иманның белгісі..! Көңілге қарап сөйлеп үйрене білейік», – деді ол.