Қазақстанда 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі өтеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Онкүндіктің әр күні қазақ халқы мен оның мәдениеті байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады.
«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 14 наурыз «Көрісу күні – Амал мерекесі» көктем мен жаңа жылдың басталуын және ізгі тілектер мен игіліктер білдіру мақсатында туған-туыстарға, көршілерге, үлкен кісілерге сәлем беретін немесе қонақ күтетін уақытты бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлау онкүндігінің бірінші күні болып саналады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналды. Бұл форматта мемлекеттік деңгейде Наурыз мейрамын тойлау мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, «Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы.
Былтыр Наурыз қарсаңында Мемлекет басшысының төрағалығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Биылғы құрылтай бүгін Бурабайда өтеді.
15 наурыз – қайырымдылық, мейірім мен тату көршілік тақырыбына арналған «Қайырымдылық күні». Бұл күні жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған жаппай қайырымдылық шаралары өтеді.
16 наурыз – мәдени мұраны, өнерді және ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға арналған «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні».
17 наурыз – отбасы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Шаңырақ күні». Бұл күні үлгілі отбасыларға, адамгершілік тәрбие мәселелеріне арналған іс-шаралар өтеді.
18 наурыз – ұлттық киімді танымал етуге бағытталған «Ұлттық киім күні». Бұл күні стильдендірілген сән көрсетілімдері мен фестивальдар өтеді.
19 наурыз – елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауын бейнелейтін «Жаңару күні». Бұл күні көктемгі ағаш отырғызу дәстүрі жалғасын табады.
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен турнирлер өтеді.
21 наурыз – Қазақстан халқының бейбітшілігі мен бірлігін бейнелейтін «Ынтымақ күні».
22 наурыз – «Жыл басы», оның аясында бұқаралық іс-шаралар мен халықтық мерекелер өтеді.
23 наурыз – Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акцияға арналған «Тазару күні». Суат көздерін, аулаларды қардан және қоқыстан, оның ішінде мерекелік іс-шаралардан кейін тазалау бойынша жаппай іс-шаралар өткізе отырып, «тазалық эстафетасын» іске қосу жоспарлануда.
10 күн ішінде бүкіл ел бойынша көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер мен кино көрсетілімдері, қайырымдылық акциялары, мәдени-спорттық іс-шараларды қоса алғанда, әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнамаға байланысты Наурыз мейрамындағы демалыс күндері өзгермейді. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес, қазақстандықтар 21, 22, 23, 24 және 25 наурыз күндері қатарынан бес күн демалады.