ҚФФ-на португалиялық маман келді

Фото: ҚФФ

ҚФФ Төрешілік және инспекциялау департаментінің директоры қызметіне 52 жастағы португалиялық маман Нуну Алешандре Паррейра де Каштру тағайындалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Де Каштру – Еуропадағы төрешілік саласының жетекші мамандарының бірі.

«Каштрудың бұл қызметке тағайындалуы Қазақстандағы төрешілік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оның халықаралық тәжірибесі, заманауи әдістері мен төрешілік саласындағы терең білімі төрешілерді дайындау жүйесін жетілдіруге, ұлттық жарыстардағы төрелік сапасын арттыруға және Қазақстанның әлемдік футбол қауымдастығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, аталған реформалар аясында төрешілердің, инспекторлардың, ТВ-инспекторлардың және VAR операторларының қаржылық жағдайы екі есе ұлғайтылды. Бұл олардың еңбегін әділетті бағалап, төрешілік сапасының артуына септігін тигізеді», – деді ҚФФ президенті Марат Омаров.

34 жылдық мансабында ол Португалия футбол федерациясы мен Бельгия футбол қауымдастығында маңызды қызметтер атқарды. Атап айтқанда, төрешілер департаментін басқарып, төрешілерді тағайындау, әкімшілік басқару және VAR жүйесін енгізу жұмыстарын қадағалады.

Сонымен қатар, Португалия футбол федерациясының Төрешілер академиясының техникалық директоры ретінде төрешілерді дайындаудың кешенді жүйесін әзірлеп, заманауи оқыту әдістерін, онлайн бағдарламаларды және төрешілік шеберлікті дамытуға бағытталған CORE жобасын іске қосты.

Халықаралық деңгейде УЕФА-мен тығыз жұмыс істеген ол CORE бағдарламасының нұсқаушысы болып, жетекші турнирлерде төрешілердің жұмысын қадағалап, Англия, Ирландия, Украина және Швециядағы төрешілік жүйесінің дамуына үлес қосты.

CORE бағдарламасының тәлімгері ретінде ол Бенуа Бастьен, Гленн Нюберг секілді жоғары деңгейлі төрешілерді дайындады.