Психикалық ауытқуы бар жасөспірімнің анасы ауруханада баламды ұрды деп полицияға шағым түсірген болатын. Аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
«Кәмелетке толмаған күдіктіге дене жарақатын салған санитарға қатысты ақпаратқа келетін болсақ, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу жүріп жатыр», — дейді Санжар Әділов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі бір ай ішінде сотқа жіберу жоспарда барын айтқан еді.
Еске сала кетейік, биыл 11 ақпанда елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.