Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» кітабы жарыққа шықты. Алматыда өткен тұсаукесер барысында «AI-hub» компаниясы мен ai-hub.kz сайты таныстырылып, түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект мамандарын біріктіретін TurkAI қауымдастығының құрылғаны жарияланды. Бұл туралы Qazaq.today ақпараттық порталы хабарлайды.
Кітап туралы маңызды ақпарат
Кітап авторы – IT саласының сарапшысы және журналист Мейіржан Әуелханұлы. Бұл еңбек бағдарламалау білімі жоқ, бірақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерттеп, қолданғысы келетін оқырмандарға арналған.
Басылым «Al‑HuB publishing» баспасында 1000 дана таралыммен шығарылып, жыл соңына дейін 25-30 мың данаға жеткізу жоспарланған. Кітаптың алғашқы 100 беті жасанды интеллект негіздері, этикасы және заңнамалық мәселелерге арналса, қалған 200 беті 27 түрлі салаға арналған практикалық промпттарды қамтиды.
Сарапшылар пікірі
Кітап редакторы Қайнар Олжай: «Жасанды интеллектіні мыңдаған адам қолданса, ЖИ қазақ тілін терең меңгеріп, пайдаланушыларға да жүйелі қазақ тілін үйретуге мүмкіндік береді».
Ақын Ұлықбек Есдаулет: «Жасанды интеллектінің мүмкіндігі шексіз екеніне күн сайын көз жетіп келеді. Қазірдің өзінде ЖИ арқылы хат жазысамыз».
Болашаққа бағытталған жобалар
«AI-hub» компаниясының негізін қалаушы Ержанар Әшейхан қазақ аудиториясының цифрлық дамуы үшін ауқымды стратегия әзірленгенін мәлімдеді. AI-Hub Publishing баспасы алдағы уақытта IT және жасанды интеллектке қатысты әлемдік еңбектерді қазақ тіліне аударуды, сондай-ақ жасанды интеллект терминдерінің энциклопедиясын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Бұл кітап Орталық Азия елдерінен жасанды интеллект саласында шыққан алғашқы еңбек болып, Өзбекстан мен Қырғызстаннан аудару туралы ұсыныстар түскен.