Солтүстік Корея 80 жыл бұрынғы сұмдыққа байланысты көршісінен өтемақы сұрап отыр

АҚШ-тың Жапония астанасына жасаған әуе шабуылынан 10 мыңға жуық корей қаза тапқан еді. Соған байланысты Солтүстік Корея Жапониядан кешірім сұрауды талап етті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Еске салайық, 1945 жылдың 10 наурызында АҚШ-тың Токионы бомбалауы кезінде мыңдаған корей жан тапсырған болатын. Солтүстік Корея осы жағдайға байланысты кешірім сұрауды, өтемақы төлеуді және тергеуді талап етіп отыр.

– 1945 жылғы «Токиодағы жарылыс» туралы мәлімдемені Корей түбегіндегі жапон отаршылдығы кезінде жұмыс істеуге мәжбүр болған корей жұмысшылары мен олардың отбасылары құрған Солтүстік Корея қауымдастығы жасады, – деп хабарлайды Солтүстік Кореяның Орталық ақпарат агенттігі (KCNA).

Мәтінде 1945 жылы 10 наурызда Америка Құрама Штаттарының Токиоға жаппай әуе соққысы жасалғаны, оның барысында 275 В-29 бомбалаушы ұшақтары қалаға бомба тастағаны туралы жазылған.

– Шабуыл кезінде жапон билігі корейлерді лагерлерде ұстаған, онда олар қатыгездікпен қорланған, қауіпті және қиын жағдайларда мәжбүрлі еңбекке жегілді. Осының салдарынан көптеген корей қашып құтыла алмай, әуе шабуылы кезінде қаза тапты, – делінген хабарламада.

Әуе шабуылынан қаза тапқан 100 000 адамның 10 пайызға жуығы корейлер екені хабарланған. Өкініштісі, қайтыс болғандардың жеке басы анықталмаған. Тіпті, мәйіттерге тиісті тергеу жұмысы жүргізілмей, әр жерде жерленген.

Сонымен қатар, қаза тапқан кәрістердің денесі кейін «эксперименттерде» қолданылғаны да айтылды.

Осыған байланысты Солтүстік Корея «Жапония билігі қайтыс болған кәрістердің туыстарынан ресми кешірім сұрап, оларға өтемақы төлеу керек» деп есептейді. Корей тарапы зардап шеккендердің сүйегін анықтау үшін толық тергеу жүргізіп, нәтижесін жария етуді талап етті.