Шетелдік жетекшілік еткен: Алматыда интернет алаяқтары жалдамалы кеңседе ұсталды

Жедел-іздестіру шаралары барысында шетелдік азамат басшылық еткен Call-орталық анықталды. Алаяқтар Оңтүстік Азия елдеріндегі банк шоттарында бұғатталған депозиттердегі қаражатты шешіп алуға көмектесеміз деген жалған уәде беріп, азаматтарды алдаған.

—  Call-орталық қызметкерлерінің негізгі міндеті – кураторлардың нұсқауымен дроп-шоттарға түскен қаражатты бақылау және оларды басқа шоттарға аудару болды. Бұл қаражат әртүрлі төлем жүйелері арқылы таратылып отырған. Сондай-ақ кеңселерді тінту кезінде ақшалай операцияларды өңдеу мақсатында қолданылған 100-ден астам жүйелік блок тәркіленді. Алматы халықаралық әуежайында осы қылмыстық іске қатысы бар тағы бір адам елден қашпақ болған сәтінде ұсталды, — деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.