Халықтың сенімін қорлап отырған: Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратқан топ ұсталды

Фото: видеодан кадр

Ішкі істер органдарының қызметкерлері Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратып, діни алауыздықты қоздыруға тырысқан күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері ҰҚК-мен бірлесіп, құрамында Мақтаарал ауданының тұрғындары бар радикалды діни топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің бұл топқа радикалды діни көзқарастары бойынша біріккені анықталды. Олар әлеуметтік желілерде басқа діндегі азаматтардың қадір-қасиетін және діни сезімдерін қорлайтын сөздер жариялап отырған. Сот бұрын экстремистік деп таныған аудио және бейнематериалдарды халық арасында таратқан», — деді ІІМ өкілдері.

Күдіктілердің тұрғылықты жері мен жұмыс орындарын тінту барысында 20-дан астам діни әдебиет, есірткі құралдары, оқ-дәрілер, заңсыз сақталған қару және басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Топ жетекшілері соттың санкциясымен қамауға алынды.

«Жасалған қылмыстық әрекеттердің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, — делінген полиция Polisia.kz хабарламасында.

ІІМ: Түркістан облысында экстремистік материалдарды таратқан топ ұсталды