Жасанды интеллект саласындағы маңызды қадам – Алматыда «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект туралы қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының тұсаукесері өтеді. Іс-шара 11 наурыз күні Алматы қаласындағы Smart Point орталығында (Smart Space залы, Байзақов көшесі, 280) сағат 14:00-де ұйымдастырылады.
Аталған шара аясында кітаптың таныстырылымы өтіп, жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар, IT, киберқауіпсіздік, биотехнологиялар және жасанды интеллекттің болашағы туралы пікір алмасу алаңы ұйымдастырылады.
Жасанды интеллект және Қазақстан
Әлемде жасанды интеллект қарқынды дамып, көптеген салаға әсер етуде. 2024 жылы ЖИ технологияларын қолдану әлемдік нарықта 190 миллиард доллардан асты. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмай, жасанды интеллект бағытында белсенді дамып келеді. ЖИ-ді қолдану арқылы өндіріс, медицина, білім беру және қаржы салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп жатыр.
Кітаптың авторы Мейіржан Әуелханұлы оқулықтың маңыздылығын атап өтіп:
«Бұл кітап – қазақ тіліндегі жасанды интеллект әлеміне алғашқы жолбасшы. Біз технологиялық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан жасанды интеллект негіздерін білу әрбір азамат үшін маңызды. Кітапта тек теория ғана емес, нақты тәжірибелік қолдану мүмкіндіктері де қамтылған», – деді.
Белгілі журналист Қайнар Олжай кітап қолжазбасымен танысып, оның мазмұны мен сапасына жоғары баға берді:
«Қолжазба өте сауатты жазылған. Жасанды интеллект туралы қазақша мәлімет алу қиын кезде, бұл еңбек саладағы үлкен жетістік. Кітапта ЖИ өнімін ұсынатын компаниялар, негізгі терминдер мен практикалық тапсырмалар қамтылған. Мұндай мұқият дайындалған еңбекті оқу – үлкен ғанибет», – деп пікір білдірген болатын.
AI-Hub Publishing – жасанды интеллектке арналған жаңа баспа
AI-Hub тек қана жасанды интеллект технологияларын зерттеумен ғана емес, осы саладағы білім беруді дамытуға да үлес қоспақ. AI-Hub Publishing алдағы уақытта жасанды интеллект, IT, киберқауіпсіздік және биотехнологиялар тақырыбында қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік кітаптарды басып шығаруды жоспарлап отыр.
Байланыс: +7 700 973 20 01