2025 жылғы 7 наурызда Алматы халықаралық әуежайында ұшу алдындағы тексеру аймағында ер адам әуежай қызметкерін пышақпен қорқытқан, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаментінің мәліметінше, жергілікті уақыт бойынша шамамен 11:45-те ішкі рейстер терминалында (Т1) жолаушы кейпіндегі деструктивті ер адам ұшу алдындағы тексеру аймағына келген. Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің тексеру қызметкерлері одан құжаттарын көрсетуді сұраған. Алайда, ер адам қызметкердің шашынан ұстап, пышақпен қорқыта бастаған.
«Жеті минут ішінде әуежай аумағындағы желілік полиция бөлімі (ЖПБ) мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері оны қарудан айырды. Қазіргі уақытта ол ЖПБ-де ұсталып, оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізуде», — делінген әуежай хабарламасында.