«Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы және өнеркәсіп қайраткері» атақтары алғаш рет табысталды

Президент әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген аруларымызды марапаттады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Биыл елімізде – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға беріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанып отыр. Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы», — деді Президент.