Мемлекет мүддесіне қауіп төндірді: қоғам белсенділері саяси шатақ шығарған Шаталовты мандатынан айыруды талап етті

Өзінің этникалық орыс ұлтына бола сынға ұшырағанын айтқан депутаттың сөзін ресейлік БАҚ-тар бірнеше күннен бері тоқтаусыз жарыса жазды. Заң шығарушы жоғары билікте отырып саяси қателікке жол берген аманаттық депутаттың әрекеті мемлекеттік мүддеге тікелей қауіп төндіру.

«Ол мемлекет мүддесіне қауіп төндірді… Екі-үш күннен бері Мәжілістегі Никита Шаталов деген депутаттың «шатпақ сөздері» Қазақстанның ішкі аудиториясынан асып шығып, Ресей БАҚ-тарының қызды-қызды тақырыбына айналып отыр. Әрине: «Орыс болғаным үшін сөйтті», — деген сөз Қазақстанға ақпараттық шабуылда соңғы 5 жылда үдете түскен Ресей БАҚ-тары үшін таптырмас тақырып. Олар жерден жеті қоян тапқандай қуана кетеді, мұндайды естісе.

Ал шындап келгенде, Шаталовтың ұлтына қатысты сөзді өзінен басқа біреу көтеріп пе еді? Өз басым көрмедім, ондайды. Демек, мұны манипуляция деп қабылдадым. Менің білуімше, қазақ қоғамы Шаталовты керісінше, осыған дейін ерекше қолдап келген. Сайлаушылар Шаталовты осыған дейін «Қазақ тілін біледі, қазақ халқын сыйлайды» деп, төбеге көтеріп келген жоқ па? Бұл жерде ұлттың қандай «шатағы» бар?», — деп жазды журналист Нұргелді Әбдіғани.

Барынша қысым жасап қалудың сылтауын іздеп отырған көрші елдің ақпараты мен идеологиясы үшін Шаталов мүмкіндік тудырып берді. Әлеуметтік желіде Тортуыл Шоқан (Нұржан Шоқан) есімімен таныс қоғам белсендісі депутатты мандатынан айыруды талап етті.

«ҚР президенті  Қ. К. Тоқаевтың назарына;

ҚР мәжіліс парламенті спикері Қошановқа талап!

ҚР мәжіліс парламенті депутаты Никита Шаталовтың депутат және ҚР азаматы ретінде Украина президенті саясатын сынауы—заңды. Ал өзінің сол жазбасына сын айтқандарға «сын—менің ұлтым орыс болғаны үшін» айтылып жатыр» деп, ҚР ҚК 174 бабында нақты көрсетілген ұлтараздықты туындататын сөзі үшін депутаттық мандатынан айырыңыздар! Шаталовтың «ұлтым орыс болғаны үшін» дегені мемлекет құрушы ұлт—қазақтарға арнала айтылғаны анық. Шаталовтың дәл осы сөзін РФ сайттары жарыса жазып жатыр», — деп жазды Нұржан Шоқан.

Депутаттың сөзі еліміздің заңы ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге жол бермейтінін естен шығарғандай. Журналист Нұргелді Әбдіғани 2023 жылды орын алған оқиғаны еске салды. Ол кезде Азамат Әбілдаев деген Мәжілістің депутаты Ресей-Украина соғысында Қазақстанның бейтараптық позициясын ескерместен, Ресей басқыншылығын ашық қолдағаны үшін депутаттық мандатынан айырылған еді.

«Экс-депутат Әбілдаевтың ұлты қазақ болған. Соған қарамастан, ол мандатынан айырылған. Демек, мәселе депутаттың ұлтында емес, Мемлекеттің мүддесінде! Шаталовтың дауы әлгі Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдан басталды ғой. Ол жолы Қазақстан мұнайына қауіп төнбегенін Энергетика министрлігі ресми мәлімдеді.  Онан кейінгі, Шаталовтың сөздері сол Каспий құбырынан ағып жатқан қазақ мұнайына көбірек қауіп төндіріп тұр деп есептеймін.

Себебі, құбыр Ресей жерінде. Ресей билігі соңғы 2-3 жылда түрлі сылтаулармен осы құбырдан қазақ мұнайын ағызуды бірнеше мәрте тоқтатқан. Сөйтіп, саяси бопса жасаған. Бұл да факт. Ал Қазақстанның мұнай экспортының 80 пайызы осы КҚК арқылы өтеді. Осы шудан соң, «Қазақстан ұлты орыс депутатқа қысым жасауда» деп, КҚК жұмысынан ілік іздесе не болмақ?», — деп жазды ол.

Шаталовтың мәлімдемесі отпен ойнау, мемлекетті, ұлтты шатастыру болып саналады. Шаталовтың сөзіне бола елді шатастыруға жол бермеу керек. Саяси қызметте жүрген соң ойланбай сөйлеу бүкіл елді отқа итермелеумен тең.

«Жалпы халық, халық емес, есті жұрт соғысты қолдамайтыны анық. “Халықтың қалаулысы” болса, халықтың пікірімен санасқаны жөн. Сосын, орыспын, өзге ұлтпын деген нарратив қазіргі таңда өте қауіпті. Ақпараты алақанында отырған әлеумет бүйрегі басқа жаққа бұрып сөйлеген кез келгенге сұрау салары анық. Орыс бол, қазақ бол, бәрібір. Әсіресе, депутаттарға олай отпен ойнауға болмайды. Оның үстіне, ХХ ғасырда жарымынан айырылып қалса да, жүздеген ұлтты құшағына сыйғызған мен білетін қазақ халқы елді алалайтын ессіз емес; Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген өсиетін тыңдап өскен жұрт адам баласын ұлт пен нәсілге бөлетін санасыз емес. Бар мұнайдың, бір құбырдың тілеуін тілеп өзіміз әрең жүргенде Шаталовтың кесірінен шаталып кететін жағдай жоқ», — деді баспагер Шыңғыс Мұқан.