Бұл жолы арандату мәлімдемесін Ресейдің пропагандист журналисті Дмитрий Стешин «Комсомольская правда» радиосының тікелей эфирінде айтқан.
https://youtu.be/ZNIzmu3Age8
Ресейдегі пропаганда жасайтын басылымдардың бірі «Комсомольская правда» радиосының журналисті Дмитрий Стешин тікелей эфирде Қазақстанға қатысты, соның ішінде, Солтүстік Қазақстан туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Ол тікелей эфирдегі сұхбатта «Мәскеу Қазақстанның солтүстігін қайтарып алуы тиіс» деген мағынадағы арандатуға жол берген. Сұхбаттың үзіндісі «Сеятель ветра» телеграм-арнасында жарияланған.
«Қазақстанда ірі облыстарды орыс тілді халық мекендейді. Сондықтан, бұл жерлерге біздің тарихи құқығымыз бар. Ол қалаларды біздің ата-бабаларымыз салған. 1991 жылы неге сүйене отырып сол қалаларды сыйлай салдық?»-дейді пропагандашы журналист.
Дмитрий Стешин «Қазақстанның солтүстігіндегі облыстар Ресейге тиесілі және Ресей оны басып алуға құқылы» деген пікірде.
Ресейдің кейбір лауазымды тұлғалары бұған дейін де Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты пікірлерін ашық айтқан. Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнада «Қазақстанның территориясы — Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деп айтқан болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, ресейлік дипломатқа ҚР СІМ нота табыстаған еді.
Сол кезде де бұрынғы Сенат депутаты, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік депутаттың айтқаны қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырғанын, сондықтан «еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты осындай айыптаулар мен арандатушылық мәлімдемелерге жол беруге болмайды» деген еді.