Фото: Ғайсағали Сейтақ
Батыс Қазақстан облысында 50 гидротехникалық құрылым болса, соның 14-і – «Қазсушар», 25-і – коммуналдық меншікте ауылдық округ әкімдіктері теңгерімінде, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, сондай-ақ 4 гидроторап пен 1 бөгет «Қазсушар», 3 тоған ауылдық округ әкімдіктері, 3 тоған жеке меншікке тиесілі.
Дархан Әмірханұлының сөзіне қарағанда, күні бүгін 25 гидротехникалық құрылым қанағатанарлықсыз күйде деп танылды.
— «Қазсушар» теңгеріміндегі Киров су қоймасын реконструкциялау жұмысы 2025 жылы аяқталады. Өткен жылы Рыбный Сокрыл, Айдархан, Бағырлай су қоймалары жөндеуден өткізілді. 2024 жылы көп факторлы тексеріс жұмыстары нәтижесінде республикалық меншіктегі Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймасының жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылды. Оған қоса 58 млн теңгеге коммуналдық меншіктегі 8 су қоймасына осындай зерттеу ісі жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, — дейді Д. Закарин.
Оның айтуынша, Жайық, Деркөл, Шаған өзендерінде орналасқан автомобиль көпірлеріне гидрологиялық құрылғы негізінде су тасқынын хабарлау және мониторингі үшін кешенді жүйе орнатуға келісімшарт жасалды. Жоба құны — 79,6 млн теңге.
— Биыл 3 су қоймасында (Шаған, Казталов 1, Казталов 2) жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ республикалық меншіктегі 4 су қоймасын көп факторлы тексерістен өткізу жоспарлануда. Сол секілді коммуналдық меншіктегі 9 су қоймасына зерттеу жүргізу үшін 102, 270 млн теңге бөлінген болатын. Күні бүгін 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу аяқталды, үшеуінде жалғасуда. Сонымен қатар тағы 8 су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады, — деді басқарма басшысының орынбасары.