Таиландта туристік автобус аударылып, 18 адам қаза тапты

Фото: reuters.com

26 ақпан күні Таиландтың Бангкок қаласынан шығысқа қарай орналасқан Прачинбури провинциясында туристік автобус тежегіш жүйесінің істен шығуына байланысты аударылды. Жол апатынан 18 адам қаза тауып, 23 адам жарақат алды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, үш қабатты үш туристік автобуспен мемлекеттік қызметкерлер экскурсияға шыққан. Апатқа ұшыраған жолаушы мінген көлік сол топпен бірге сапарға аттанған.

Полицияның мәліметінше, автобус ішінде 49 жолаушы болған. Олардың барлығы – Таиланд азаматтары. Оқиға орнында 17 адам қаза тапты, тағы бір адам ауруханаға жеткізілгеннен кейін көз жұмды.

Шенеунік Софонның мәлімдеуінше, төмен түсіп келе жатқан жолда автобустың тежегіші істен шығып, жүргізуші көлік басқару мүмкіндігінен айырылған.

Таиландта жол қауіпсіздігі стандарттарының төмен деңгейде орындалуы және жол инфрақұрылымының нашар күйде болуы салдарынан жиі көлік апаттары болады. 2023 жылғы есеп бойынша, Таиланд жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны бойынша 175 елдің ішінде 9-орында тұр.