Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов хабарлап отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Былтыр «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің стандарты енгізілген еді.
Спикер бүгінде еліміз бойынша 20 жоғары оқу орны базасында жасанды интеллект бойынша 20 білім беру бағдарламасы енгізілгенін айтты. Аталған бағдарламада 2 196 магистрант пен докторант оқып жатқан көрінеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп ұлттық жасанды интеллект платформасында бірнеше жоба жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрсұлтан Махатов.
Бұл жобалардың қатарында 2025 жылы ҰБТ өткізудің нормативтік ережелері, статистикалық ақпарат, грантқа түсу кезіндегі сұрақтар бойынша консультативтік «AI Talapker» чат-ботын іске қосу мен ҰБТ тапсыру кезінде академиялық адалдықты арттыруда ЖИ қолдану бар.
Сондай-ақ, ҰБТ үшін тест тапсырмаларын әзірлеу үшін ЖИ енгізу де жоспарда тұр.
– Министрлік жасанды интеллект кадрларын даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Былтыр «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің стандарты енгізілді. Соның негізінде білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдаланудың жалпы принциптері, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жасанды интеллектіні қолдану бағыттары айқындалды. Сондай-ақ министрлік жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына жасанды интеллктіні қолдану бойынша құзыретті игеруге бағытталған пәндерді барлық білім беру бағдарламаларына енгізуді көздейтін өзгерістер енгізді, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры.