Құмнан қаланған экзотикалық тау: Шарын шатқалына келетін туристер саны төрт есеге көбейді

Фото: Qazaq.today

Шарын шатқалына өткен жылы 120 мыңға жуық турист келген. Олардың 17 мыңнан астамы шетелдік қонақтар, деп хабарлайды Qazaq.today.

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына келуші туристер саны соңғы үш жылда төрт есеге көбейген. Ұлттық парк туристер арқылы 117126,7 мың теңге пайда тапқан. Ал республикалық қазынаға 25176,0 мың теңге аударылған. Ұйғыр ауданы әкімдігі мен Ұлттық парк өкілдері туристер санын арттыру үшін тағы бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырмақ.

Ұлттық паркте Sharyn визит-орталығы жұмыс істеп тұр. Ол келушілерді заманауи сервиспен қамтамасыз етеді.

Енді туристер шатқалды бұрынғыдай жаяу емес, гольф-кармен аралай алады. Табиғатты электромобильмен тамашалау кәсіби нұсқаушылардың сүйемелдеуімен жүзеге асады.

«2020 жылы парк аумағына келушілер саны 16 мыңнан асса, былтыр туристер саны 117 793  адамға жетті. 52 шет мемлекеттен туристер келіп көрген. Осыдан төрт жыл бұрын түсім небәрі 12 миллион теңге шамасында болса, былтыр көрсеткіш 117 миллион теңгеден асты», — деді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері.

Сонымен қатар, парк инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жолға қойылды. 2023 жылы Шарын шатқалындағы бақылау өткізу пункті (БӨП) толық автоматтандырылды. Одан бөлек, 8 бейнебақылау камерасы және автокөлік нөмірлерін анықтайтын 2 камера орнатылды. Қазіргі уақытта, көліктер шатқалға автоматты шлагбаум арқылы кіріп-шығады. Ал төлем жасау үшін KASPI QR жүйесі енгізілген.

 

«Ұйғыр ауданынан тікелей Шарын шатқалына автожол салынбақ. Бюжеті бекітілген. Жол салынғанда туристер Шонжыдан тікелей Шарынға келе алады. Сонымен қатар Алматы-Жаркент автожолына да шыға алады. Ұлттық парк аумағында жыл бойы жұмыс істейтін төрт туристік бағыт бар. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін арнайы демалыс орындары, керуен алаңдары, ақпараттық стеллалар мен гроттар орнатылды. Бұл жұмстардың барлығы экотуризмді дамытуға және табиғатымызды сақтауға бағытталған. Шарын шатқалы Ұйғыр ауданының аумағына қарағандықтан үнемі біздің назарымызда», — деді аудан әкімі Бота Елеусізова.

Экологиялық мәдениетті арттыру және «таза туризм» қағидасын қалыптастыру мақсатында «Жасыл даму» АҚ-мен бірлескен пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл табиғатты қорғау бағытындағы маңызды жобалардың бірі. Осы жоба аясында парк аумағында қоқысты сұрыптап жинау жүйесі енгізілді. Арнайы қоқыс жәшіктері, контейнерлер және фандомат құрылғысы қойылды. Ал жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Сондай-ақ, туристерге биоыдырағыш қапшықтар таратылып, экологиялық ақпараттық тақталар орнатылған.

Шарын шатқалы елдегі ең ірі экзотикалық орын саналады. Құм тауларынан жасалған ескерткіштер әлемі iспеттi табиғи көріністерімен ерекшеленеді. Каньондағы құздарының биіктігі 250-300 метрге дейін жетсе, шатқалдың ұзындығы 200 км-ге жуықтайды.