Фото: Qazaq.today
Қытаймен шекаралас орналасқан Ұйғыр ауданына осыдан 1,5 жылдай бұрын тұңғыш рет әйел адам әкім болып тағайындалды. Шекарда орналасқан күрделі ауданды басқару, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, инвестиция тарту, татулық, береке-бірлікті нығайту аудан әкімінің басты міндеті. Орындалуы оңайға соқпайтын бұл жұмыстар қалай жүзеге асырылып жатыр?
Qazaq.today тілшісі өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, аудан басшысымен кездесіп қайтты.
Мені соғысқа жібергендей қорқынышпен қарады
— Бота Серікқызы, бұл өңір үнемі ел назарында. Елдің береке-бірлігін нығайтуда қандай жұмыс-жобаларды іске асырып жатырсыздар?
Әрине Ұйғыр ауданы еліміздегі күрделі аудандардың бірі болып саналады. Себебі, проблемалар болды, аудан атауына да қатысты теріс көзқарастар қалыптасқан болатын. Ең бастысы халықтың іші тыныш, қазақ-ұйғыр ұлттары бір-бірімен құда болып ауызбіршілікпен өмір сүріп жатыр. Кезінде сыртқы жағымсыз стереотиптер болды. Ол әкімдікте қызмет бөлуде, жер бөлу мәселесінде, грант бөлу кезінде алауыздыққа көбірек басымдылық беріледі деген пікірлер болған. Келген күннен бастап оның негізін анықтап, кез келген лауазымды қызмет болсын, кез-келген мемлекеттік бағдарлама болсын, соған лайықты адамға ғана берілетін болды. Қызметке тағайындауға қатысты да теріс пікір қалыптасқан еді. Біздің басты міндетіміздің бірі — елге қызмет етуде ұлтына, дініне, жынысына қарамай, білімі, қабілеті бар лайықты деген азаматтарды конкурстық негізде заң аясында қызметке таңдау. Меніңше халыққа ең керегі – әділеттілік.
Әділеттілік болған жерде бәрі заң аясында, бәрі ашық түрде айтылып, ашық түрде шешім қабылданып жатса, халық та соған сенеді.
— Бұрын әділетсіздіктер көп болды деген пікір қалыптасқан ғой сонда…
Енді тек саны көп ұлтқа ғана жер беріпті деген нақты ашық мәлімет жоқ. Осындай ақпаратты жалау етіп, ауданның тұрақсыздығын қалыптастыруға арнайы күштердің де әсер еткені көрінеді. Біз заңның ортақ екенін, әділеттіліктің бар екенін, қасиетті Отанымызда бәріміз бірдей екенімізді, туымыз, елтаңбамыз бір, бір елміз дегенді халық арасына кеңінен түсіндіру.
— Сіздің тағайындалуыңыз қалыптасқан сеңді бұзу секілді көрінді. Халық қалай қабылдады?
Мені халық өте жақсы қабылдады. Мынау қазақ, әрі әйел адам келіпті деген көзғарас болған жоқ. Мүмкін менің осы уақытқа дейінгі еңбек жолымды зерттеген болар. Машинка басып, содан мемлекеттік қызметке келгенге дейінгі өмір жолымды ескерген болар, кішіпейілдік, адамгершілік, ата-ананы сыйлау, халықтан өзін жоғары қоймау деген, сосын мемлекеттік қызметте адал еңбек ету қағидасын басшылыққа алған болуы керек, халық мені жылы қабылдады. Ешкім бөтенсінбеді. Берген тапсырмаларыма ешкім теріс көзғарас білдірмеді. Бастамалардың бәрін қолдады. Теріс көзқарастардың барлығы сырттан келетін сияқты көрінеді маған. Елдің іші мамыражай, берекелі, еңбекқор. Ұйғыр ауданына бара жатырмын дегенде мені соғысқа шығарып салғандай қорқып жатты. Келген кезде мен мүлдем басқа дүниені көрдім. Елдің бәрі мені жылы сөз айтып, жылы қабақтарымен қарсы алды. Халықтың қолдауы бізге үлкен шабыт береді.
Аудандағы 31 мектептің 8-і таза қазақ мектебі
Ауданда 61 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жартысына жуығы орта жасқа дейінгілер. Тәрбие жастардан басталады ғой. Ауданда қанша қазақ мектебі бар?
Аудан халқының 59 пайызы ұйғыр ұлты. Қалған 40 пайызы қазақтар. Біздің аудан көпұлтты аудан саналады. Одан бөлек орыс, түрік сынды өздеге ұлт өкілдері тұрады. Ауданда 31 мектеп бар. Таза ұйғыр мектебі екеу, қалған мектептер аралас. Аралас мектептің саны — 20. Ұйғыр-қазақ аралас мектебінің саны — 16. Орыс-ұйғыр мектебі біреу, қазақ-орыс-ұйғыр тілді 3 мектеп бар. Таза қазақ мектебінің саны – 8.
— Аудан шекараға жақын, Қалжат бекеті тұр, пойыз жолы өтіп жатыр. Бекіре өсіретін балық шаруашылығын, 600 адамға жұмыс беріп отырған беларустық инвесторлар салған құс фабрикасын көрдік. Мына кең қарадаланы өндіріс ошақтарына айналдыруға мүмкіндік бар ма?
Иә, бізде темір жол өтіп жатыр. Шекаралық аймақ болғаннан кейін инвестициялық жағынан тартымды ауданбыз. Былтырғы жылы біз 25 миллиард 278 миллион теңгенің инвестициясын тарттық. Ол өткен кезеңмен салыстырғанда жоспар 107 пайызға артық орындалды. Жалпы ірі инвестициялық жобалардан Қалжат кеден бекеті қайта жаңғыртудан өтті. Ол жерге үлкен логистикалық орталық салыну көзделіп отыр. Оның бер жағында 2,5 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен жүгері егу, жүгеріні қайта өңдеу зауытын салу және тамшылатып суару әдісінің құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салу үшін инвесторлармен келісім жасалды, жер бөлінді. Ол енді биылғы жылдың еншісінде. Осы жылы бір мекеме тамшылатып суару әдісін енгіземіз деп отыр. Биыл 500 гектарға тамшылатып суарудың құрылғыларын орнатып береді.
Сондай-ақ, балық шаруашылығына сұраныс бар. Ауылшаруашылық өсімдіктері болсын, кез-келгені өсіп, өніп кетеді, жер мен суы өте құнарлы. Тау бөктері жағында су тапшылығы бар. Жоспарымызда 12 тоспа салу бар. Себебі, таудан аққан қар суы көктемде ағып, жайылып кетеді. Біз сол суды қоймаға жинап, жазда егінге пайдалану жоспарымыз бар. Оған техникалық-экономикалық негіздеме керек, ол үлкен жұмыс. Қымбат жоба болғандықтан әзірге 4 тоспаның техникалық-экономикалық негіздемелері басталды. Сметасы әзірленіп жатыр. Егер осы тоспалардан су алсақ, егін алқабын тағы 10 мың гектарға ұлғайтамыз. Қазіргі егіс алқабы 22 мың гектар. Соның ішінде суарылатыны 16 мың гектар.
— Әкім болып келгеніңізге 1,5 жарым жылға жуықтады. Нақты қандай істі бітірдім, қандай нәтижеге жеттім деп айта аласыз?
Келген күннен бастап елдің бірлігі басты назарда болды. Тұрақтылықты нығайту мен өзгеде қоғамдық саяси жұмыстар бірінші орында болды. Біз бұл тұрғыдан жағымсыз стереотиптерді бұздық деп айта аламын. Бұл аудан туралы сырттай ойлағанда, бір біріне тас атып жүрген жаугершілік аудан сияқты түсініктер болатын. Кішкене ғана дау-дамайдан үлкен от шығып кететін. Сондықтан, халықтың иммунитетін көтеруге, кез-келген сынға, пікірге бола ашуға, жанжалға жол бермеу, менің жұмысымның көбі татулыққа шақыру болды. Қабылдауыма келген адамдармен тәрбиеші сияқты жұмыс істеп кетемін. Уақытымның 80 пайызын идеологиялық жұмыстарға бөлемін.
Ал экономикаға келетін болсақ, экономиканы дамытпайынша, халықты белгілі бір шарамен ұстап отыру мүмкін емес. Экономикалық көрсеткіш те ауыз толтырып айтарлықтай жақсы. Бюджет 137 пайызға шықты. 22 миллард теңгеге өндіріс өнімдері өндірілді. Инвестиция 107 пайызға орындалды. Салығымыз 103 пайызға көтерілді, тауар айналымы 101 пайызға өсті. Бір мектеп пайдалануға берілді. Илья Молотов атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Шарын ауылында мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткіздік. Сүмбе ауылында ауыз су құбырын жүргіздік. Жолдарды жөндедік. Дихан ауылында спорт кешенін пайдалануға бердік. Бахарда мәдениет үйінде де жөндеуге байланысты кемшіліктер болған екен. Оны да шештік. Салықтық түсімдер көбейді. «Прима құс» фабрикасының өзі 428 миллион теңге мемлектке салық төледі. «Отан грейфрут» құс фабрикасы бар, ол 354 млн теңге салықты мемлекет бюджетіне аударды. Екі ірі құс фабрикасы донор болып отыр. Ірі компаниялардың ішінде «Азамат» құрылыс компаниясы 350 миллион теңге, «Дизайн» ЖШС 80 млн салық төледі.
Егер тамшылатып суаруды кең көлемде игеріп, Қалжаттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырсақ дотациялық ауданнан шығып, донорға айналамыз.
Туристерді қабылдаушылар қонақ үй ретінде тіркелмеген, табысын жасырады
— Шонжы минералды суымен, жер астынан шығып жатқан ыстық суларымен танымал. Бірақ, жүріп өткенде байқағанымыз келушілер көп болса да, оларды пайдалану тиімді жолға қойылмаған секілді. Көрер көзге де қолайсыздау екен…
Ыстық су шығатын 20 бұлақ көзі бар. Бізде бұл жағынан проблема жетерлік, өте көп. Бассейндерден шыққан ыстық судың баратын жері жоқ. Көп кәсіпкерлер оны далаға ағызып жібереді. Ол қалдық су халықтың жайылым жерлерін саздандырады. Оған мал батып қалу, егіннін бүлдіру деген сынды мәселеер болған. Сосын қоқыс мәселесі де үлкен проблема. Бізде адамдарды, туристерді қабылдайтын 72 демалыс орны бар. Бәрі демалыс орны болып саналмайды. Көпшілігі ауылшаруашылық мақсатында тұр. Көпшілігі қонақ үй ретінде тіркелмеген. Жұмыс тобы құрылды. Ірі қонақ үйлерге хронометраж қойылып жатыр. Ыстық суды пайдаланып, туристерді қабылдайтын бұл өңірге демалыс орны деген статус беріп, жерді пайдаланудың мақсатын өзгертіп, құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
Осал обьектіге 200 адам демалатын орындар кіреді. Бізде 198 адам демалатын орын бар. Яғни, құжаттары да дұрыс жасалмаған. Біз сол жерге туристік полиция сұрап отырмыз. Дәрігерлік амбулатория болуы керек. Кірістер басқармасы біраз жұмыстарды қолға алды. Демалыс орындары басқа қалада тіркелген, олар бізге де салық төлемейді. Туристік хаб ретінде ерекше статус беру мәселесі қарастырылып жатыр. Қоқыс мәселесі, су мәселесі көп. Олардың бәрін жүйелі түрде шешу керек.
— Күрделі аудан екені белгілі. Сіздің жүрегіңізде қорқыныш бар ма?
Әрине бар. Арандатушы қайдан келетіні белгісіз. Біздің ауданға қатысты шыққан материалдардың астында бізге қатысы жоқ адамдар жаман пікір жазып кетеді.
Ой бөліскеніңізге рахмет