Асхат Аймағамбетов: Психикасында ауытқуы бар адамды бөлек ұстап, ауруханада жабу – дұрыс емес

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов психикасында ауытқуы бар адамдарға көмек көрсету мәселесі өте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Бүгін өте маңызды мәселені талқылайтын боламыз. Жалпы бұл тақырып 2024 жылдың қыркүйек айында бекітілген. Қазір бірнеше ай өткеннен кейін соңғы болған оқиғаға байланысты бұл тақырыптың қаншалықты күрделі және маңызды екеніне тағы да көзіміз жетіп отыр. Психологиялық денсаулық мәселесі өте маңызды болып тұр.  Әсіресе, пандемиядан кейін, әлеуметтік желілер мен смартфондардың әсерімен одан сайын күрделене түсті. Еуропа мемлекеттерін қарайтын болсақ, оларда біршама зерттеу өткізілген. Сонда бұл мәселенің одан сайын ушығып бара жатқанын байқап отырмыз. Өкінішке қарай, елімізде мұндай кешенді зерттеулер жеткіліксіз», – деді мәжілісмен.

Асхат Аймағамбетовтің айтуыша, республикада психологиялық қызмет құқықтық тұрғыдан толық реттелмеген.

«Тиісті нормалар бар, бірақ ол шашыраңқы. Әртүрлі заңдарда, әртүрлі министрліктердің өздерінің ережелерінде қамтылған. Бірақ бір жүйелі реттелген заңнама жоқ. Басқа мемлекеттердің тәжірибесін алып қарайтын болсақ, көп елде арнайы заңдар бар. Сондықтан бұл үлкен мәселенің бірі болып тұр. Жалпы психиатрия, психология және психотерапия жұмыстарын көп азаматтар шатастырады. Барлығы психолог, психотерапевт сияқты болып көрінеді. Әрине, олардың өз ерекшеліктері бар», – деп атап өтті ол.

Депутат психикалық ауытқуы бар адамдарға әлеуметтік қызметкерлердің көмегі керек екенін жеткізді.

«Өткенде болған жағдайды көрдік қой. Бұны стигматизация дейді. Кейбір азаматтар психикасында ауытқуы бар адамдарды жабу керек деп айтып жатыр. Оларды арнайы ауруханаларда ұстау керек дейді. Бірақ, әрине, бұл — дұрыс емес. Тек қана оларды жабумен немесе емдеумен емес, алдын алу және көмек көрсету мәселелері өте маңызды», – деді Асхат Аймағамбетов.