Биліктен қорықпаймын: бұған дейін үкіметті жақтаймын деп дауға алған актер ақталмақ болды

Фото: prosports

Актер әрі боксшы Еркебұлан Тоқтар қоғамдағы мәселеге қатысты пікір білдіріп, елге жақпай қалған еді. Содан кейін актер бұл сөздерін түсіндірмек болды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

«Барлығы не болып жатыр деген сұраққа өзімнің ойымды айта кеткім келеді. Нан алуға бара жатқанымда түсіріп алған видеоны салып жіберген. Ол көп пікір жинады. Пікірдің дені — хейт. Мен Үкіметтік жұмыста істемеймін, олардың киносына түсіп жатқан жоқпын, Үкіметтің лигасында төбелесіп жүрген жоқпын, мен Үкіметтің ақшасын алып жатқан жоқпын. Сондықтан мен Үкіметтен қорықпаймын. Олар менің еркіндігімді шектемейді. Барлығы мені қорқақ деп жатыр. Ал егер мен қорықсам, көпшілікке ұнайтын сөзді айта салатын едім. Бірақ мен ол жерде өзімнің нағыз азаматтық ұстанымымды білдірдім. Өйткені мен аспаннан салбырап түскен жоқпын. Біз 15 жылдай несие мен қарызға батып, бишара болып өмір сүрдік. Осыдан үш жыл бұрын автобусқа төлейтін де ақшам болмаған. Отбасымызбен бірнеше жерде жұмыс істейміз. Жетпегеннен кейін мен де солай істеймін. Бір жылда бір киноға түссем, одан бір алған ақша 12 айға шаққанда дым болмайды. Содан кейін төбелес қолымнан келетін сияқты деп Лигаларға шығамын. Мен маған жетпегені үшін ешкімді кінәламаймын, өзімнің қолымнан келетінді істеп, өзгертуге тырысамын», — деді ол.

Актер өзінің білімі жетпейтін жерге араласпайтынын да айта кетті.

«Одан кейін ҚҚС(НДС), айыппұл деп тағы шулап жатыр. Заңды бұзбасаң, айыппұл алмайсың. Ал ҚҚС көтер, көтерме деп ақыл айтатын мен емес. Өйткені оған менің білімім жетпейді. Сол үшін өзім білетін нәрсемен айналысамын, өзім білмейтін жерге мұрнымды сұқпаймын. Маған халықты ойламайсың деп ренжіп жатыр. Ал ол халыққа менің әкем мен шешем де, мен де кіремін ғой. Мен билікте отырған жоқпын. Тек өз ұстанымымды айттым. Хейттан қорықпаймын», — деп түйіндеді актер.