Оралда Тоқаев пен Путин қатысатын форум өтеді

Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы Орал қаласында өтеді. Форумның нақты өтетін күні әлі жарияланған жоқ.

Сауда-экономикалық байланыстар талқыланды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Орынбор облысына барып, вице-губернатор Игнат Петуховпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бизнес саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті туралы айтып, компаниялардың тиімді жұмыс істеуі үшін заңнамада бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылғанын атап өтті. Ол екі өңір арасындағы тұрақты серіктестіктің маңыздылығын ерекше атап, экономикалық байланыстардағы оң динамиканы тілге тиек етті.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты мызғымас достықтың үлгісі ретінде үнемі атап өтеді. 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында біздің облыстың Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 681,6 миллион долларды құрады, — деді Нариман Төреғалиев.

Орынбор облысымен ынтымақтастық

Әкімнің айтуынша, бұл көрсеткіште Орынбор облысының рөлі ерекше. Аталған кезеңде екі өңір арасындағы тауар айналымы 12,1 миллион долларға жеткен. Батыс Қазақстан облысы газ, қара металл сынықтары мен қалдықтары, арпа экспорттаса, Орынбор облысынан астық, сүт өнімдері, бетон және металл бұйымдары секілді жергілікті нарықта сұранысқа ие тауарлар жеткізіледі.

— Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бизнес өкілдерін белсенді ынтымақтастыққа шақырамын. Бірлескен жобаларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған, біз қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, — деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Форумның маңызы

Кездесу барысында сауда-экономикалық мәселелерден бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастық талқыланды.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нариман Төреғалиев Орынбор облысының өкілдерін Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары қатысатын XXI өңіраралық ынтымақтастық форумына шақырды. Форум жаңа бірлескен бастамаларды талқылап, серіктестік қатынастарды нығайтуға арналған алаң болмақ.