Үкімет мүшелері Ұлытаудағы апат болған шахтаға барды

Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді.

Әрі қарай Премьер-министрдің орынбасары Штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездеседі.