Жетісу облысында мектеп оқушыларына жезөкшелер және олармен жұмыс істеу жайлы сабақ өткен. Сорақысы, «жезөкшелерге арналған анықтама қағазы» Текелі қаласындағы үш мектептің оқушыларына таныстырылған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Ата-аналардың наразылығын тудырған жағдай әлеуметтік желіде тарап кетті. Жеңіл жүрістілер жайында 7-10 сынып оқушыларына айтылған.
Желі қолданушылары кітаптың мазмұнына наразы болса, ал оқушылардың ата-анасы мектептің үстінен шағым түсірген.
«Балалармен жыныстық тәрбие бойынша жұмыс жүргізіліпті, бірақ ата-аналарын тіпті ескертпеген. Оларға бәрінен бұрын нұсқаулықтағы «клиент» деген сөз ерсі көрінді. Бұл сөз нені білдіреді және балалар не үйренді сабақта?» – деген жазба авторы.
«Клиент, жұмыс – бұл не өзі? Жезөкшелерге арналған анықтама ма?», «Бұл жезөкшелерге арналған кітапша ма? Клиент мүшеқаптан бас тартса дегенді қалай түсінуге болады?», – дейді пікір білдірушілер.
Текелі әкімдігі 17 сәуірден бастап қала мектептерінде кәмелетке толмаған оқушылардың арасындағы буллинг пен кибербуллингті алдын алу мақсатында тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Аталған жайт сәуірдің 19-ы күні №5 пен №8 мектепте болған. Брошюралық материалдармен қалалық аурухананың психологы қамтамасыз еткен. Пакетте ересектерге арналған брошюралар болғанына жауапты аурухана қызметкері екені анықталды. Осы фактіге байланысты қалалық білім бөлімімен бірге №8 мектептің қызметкерлерін және басшылығын жауапқа тарту жұмыстары жүргізілді. Ал қалалық аурухана психологын жұмыстан босатумен қатар, тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылады», – деп мәлімдеді министрлік.
Текелі қаласының полицейлері қала тұрғындарының шағымы есепке алынғанын айтты. Ақпарат ресми түрде тіркеліп, жан-жақты тексеру жұмыстары басталды.
«Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында сабақ өткізген мамандардың әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі», – деп толықтырды ведомствода.
Ақпарат көзі: kaz.nur.kz