Футболдан Қазақстан құрамасы бүгін Солтүстік Кореямен кездеседі

Футболдан Қазақстан құрамасы Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны барысында Солтүстік Кореямен кездеседі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Кездесу елорда уақытымен 19:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирден көрсетеді.

Солтүстік Корея құрамасы – 1966 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарының қатысушысы. Сондай-ақ, 2010 және 2012 жылдары АФК Шақыру кубогында жеңіске жеткен.

Екі құрама өз тарихында алғаш рет кездеседі.

Солтүстік Корея 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысының үшінші іріктеу кезеңінен қатысып жатыр. Қазір А тобында небәрі екі ұпаймен алтыншы орынды місе тұтып тұр.

Олар алдағы екі ойынын 20 наурызда Қатарға, 25 наурызда Біріккен Араб Әмірлігіне қарсы өткізеді.

10 ақпанда Қазақстан құрамасы Түркияның Белек қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастады. Оқу-жаттығу 18 ақпанға дейін жалғасады. Оқу-жаттығу жиынының басты мақсаты – ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеу. Сондықтан бапкерлер штабы бұл оқу-жаттығу жиынына ұлттық құрамаға үміткерлер мен жас ойыншыларды шақырды.