Экологтар теңіздің қызыл түсіне қатысты зерттеу қорытындысын жариялады

Фото: Маңғыстау облысы Экология департаменті

Маңғыстау облыстық экология департаменті мамандары Каспий теңізінің қызыл түске боялу құбылысына байланысты 2025 жылдың 12 ақпан күні теңіз суынан сынама алып, химиялық және мұнай өнімдеріне талдау жұмыстарын жүргізген болатын. Сынама қорытындысы бойынша қауіпті ештеңе анықталмаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

— Талдау қорытындысына сәйкес ластаушы заттар анықталмады. Бәрі қалыпты болып шықты. Балдырлар суға қою қоңыр, қызыл түс береді. Бізде қар жауып, осы жолы құбылыс айқынырақ көрінді. Балдырлар таяз суда, атап айтқанда, біздің жағалауда өседі. Олар бар жерлерде судың түсі өзгеріп тұрады. Әрине, біз бұл табиғи құбылыс туралы білсек те, судың күйін тексеруге міндеттіміз, — дейді Маңғыстау облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Қайсар Нәдірбек.

Бұған дейін, Ақтауда Каспий теңізінің жағалауы қызыл түске боялып, тұрғындарды алаңдатқаны туралы жазған болатынбыз.