«Ішкі дүниеңде үндестік жоқ»: Балжан Бидаш жан сырын ақтарып, әсерлі жазба жариялады

Фото: Жеке парақшадан алынды

Танымал әнші Балжан Бидаш желіде сырын ақтарып, жандүниесінен сыр шертті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Өнер иесі Балиде демалып, психологиялық терапияға қатысқанын айтты.

«Бұл жай ғана демалыс болған жоқ… Әлемнің ең әдемі жерінде болсаң да, ең сәнді жерде жатсаң да, егер ішкі дүниеңде үндестік жоқ болса, бәрі мағынасыз сезілуі мүмкін. Күн сайын таңғажайып табиғат, дәмді тамақ, уайымсыз, жылы ауа райы, еркіндік… Бірақ ішкі түйсігім маған: “Жетер, оян, бірдеңені түсін!” деп белгі беріп жатқандай болды. Қанша әдемі жерді көрсем де, қыдыруға аса қызығушылығым болмады. Бұл жерде маңыздысы менің ішкі сапарым болды”, – деп жазды әнші.

Сондай-ақ оқырмандарына мінсіз болудың қажеті жоқ екенін айтты.

“Қоғам бізге үнемі қандай болуымыз керек екенін үйретеді. Идеал бол, табысты бол, жарыс, үлгер, ұят болады, бұл нәрсе дұрыс емес, бәріне ұнауға тырыс. Жақсы қыз былай істеу керек, жақсы адам былай өмір сүруі керек. Бір қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ солай өмір сүре жүріп, өзімізді шынайы қабылдауды ұмытып, жүрек, жан, рух қалауын беруді ұмытып кетеміз. Бір сәтте өзіңе көңілің толмай, не істесең де жеткіліксіз сияқты болып, түбінде шаршап қаласың”, – деді эстрада жұлдызы.