Фото: Голос народа
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының түрмеде аштық жариялағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде кең тарады. Facebook желісіндегі жазбасында ол өзін кінәсіз деп санайтынын және осы себепті аштық жариялағанын мәлімдеген, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.
Сонымен қатар, ол бірнеше мемлекеттік органға, соның ішінде Президент Әкімшілігіне де хат жолдағанын хабарлады.
Атбасардағы түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан экс-министр хат жазған.
«Мен бұл заңсыздықты тек өлім ғана тоқтата алады деп шештім. Егер өмірім қайғылы жағдаймен аяқталса, кінәлілердің кім екенін білесіздер», — деп жазды.
Мұхамедиұлы өз ісінің қайта қаралуын талап еткенін және киноиндустриядағы жемқорлыққа қарсы күрескер болғанын атап өтті.
Алайда ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Комитеттің хабарлауынша, Арыстанбек Мұхамедиұлы қалыпты тәртіпте тамақтанып жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған.
«Сотталған тараптан ешқандай шағым немесе өтініш түскен жоқ. Белгіленген тәртіпке сәйкес, оның қолында ұялы телефон болуы да мүмкін емес», — делінген ресми мәлімдемеде.
Сонымен бірге, әлеуметтік желіде жарияланған мәлімет бойынша қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде.