Болат Назарбаевтың бандиттері тартып алған: Студенттерге жатақхана салмақ болған АТУ жер телімін қайтара алмай келеді

Фото: atu.edu.kz

Алматы технологиялық университетіне студенттердің әлеуметтік жағдайын шешу үшін сот шешімінің орындалмауы кедергі болуда, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.

Дау марқұм Болат Назарбаевтың Никольский базарындағы былықтарынан шығып отыр. Айбар Олжайдың сөзінше, 2011 жылы «Сәулет-Құрылыс» компаниясы Алматы ортасындағы бұрынғы Никольский базардың жер телімін Алматы технологиялық университетіне сатқан. Ол жер Альянс банкте кепілдікте болған. Оқу ордасы өзінің кеңею жоспарына сай осы учаскеге технологиялық парк, жатақхана, оқу корпустарын салу үшін 583 млн теңге төлеп, банк залогындағы жерді сатып алып, заңды түрде әділет органдарында тіркеген. Алайда, Болат Назарбаевтың адамдары АТУ қызметкерлерін базар аумағына кіргізбей, «Ескі Қазақстан» заманындағы сот та оған қарсы ештеңе істей алмаған.

2023 жылы Бас прокуратураның қарсылығы негізінде бұрынғы сот шешімдерін қайта қараған Жоғарғы сот базарды сатып алғаны туралы Университет шартының заңды күшін қалпына келтірген. Алайда сот қаулысы әлі орындалмай, оқу ордасы әлі күнге дейін құрылыс бастай алмай отыр.

«Бұл іске Болат Назарбаевтың рейдерлері деп аталып кеткен Қоспаевтардың қатысы болған. Олар АТУ-ға сатып жіберген жер телімін басқа компанияға аударып үлгерген. Университет тарапынан Президентке жазылған хаттар бірнеше этаппен айналып Алматы прокуратурасына келген. Алайда олар оқу ордасының талап арыздарын қанағаттандырмай тастаған», — деп жазды Айбар Олжаев.

Болат Назарбаевтың заңсыз активтеріне қатысты қылмыс іс аясында бұл жер мемлекетке қайтуы мүмкін. Бірақ біршама қаржы шығындаған оқу ордасы осы даудың құрбаны болды.

«Енді АТУ-дың әділ шешім орнайды деп сенуден басқа амалы жоқ. Оқу орнының заңдық құқығын қорғап жүрген белгілі заңгер, адвокат Жақсылық Долданың айтуынша даулы да дүдамал мәселеге қатысты қайта сотқа шағымдануға әрекет жасап жатқан көрінеді. Олардың негізгі талабы, оқу орнымен сату-сатып алу келісім шарты бола тұра базар аумағының бұлардың сыртынан басқа бірнеше компанияға сатылып кеткендігін заңсыз деп тануды сұрамақ», — деді экономист.