Нигерияның солтүстік-батысында түн ортасында мектеп өртеніп, шырт ұйқыда жатқан 17 оқушы тірідей өртеніп кеткен, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, қайғылы оқиға Замфара штатының Каура Намода ауданында болған. Денесін күйік шалған тағы 20-ға жуық бала ауруханаға жеткізілді.
«Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Елдің Төтенше жағдайлар агенттігі тергеуді бастады», — деп жазылған мәліметте.
Нигерия президенті Бола Тинубу қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтқан. Өрт кезінде мектепте 100-ге жуық бала болған.
«Түнгі 2-де қалың ұйқыда жатқанда есікті біреу қағып, «Өрт, өрт!» деп айғайлағанынан шошып ояндым. Жалма-жан тұрып, далаға атып шықтық. Мектептің төбесі өртке оранған екен. Адамдар іштегілерді құтқарып жатты», — деген мұғалім Халифа Абубакар.