Баспанасынан айырылып, жалдамалы пәтерде қалған әнші Қайрат Нұртастың әйелі, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова қиын сәтте өзіне қолдау білдірген тележүргізуші Дана Нұржігітке алғыс білдірді. Теклежүргізуші жаны қиналып жүрген Жұлдызға жүрегіңді тас, көңіліңді мұз қыл деп кеңес берген, Өзін жігерлендірген актриса тележүргізушіге ерекше алғысын білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Баспанасын жақсартам деген Жұлдыз Әбдікәрімова төрт жылдан бері не ақшасын, не үйін қайтара алмай жүр. Соттасудан да, үйсіз қалудан да әбден қажыған Әбдікәрімова басындағы проблемасын қоғамға ашық айтып, алаяққа алданғанын жайып салды.
«Сынақты күндер өтіп жатқанда қолдау білдіріп, жақсы сөзін аямай, демеп жатқан жандар аз емес. «Мықты бол» деген бірауыз сөздің өзі жаныма медеу болып тұр. Рақмет, жанашыр әпкем», — деп жазды актриса Instagram Stories-те.
Өзінің де басынан ауыр жағдайлар өткенін қоғаммен бөліскен Дана Нұржігіт бұндай жағдайларда тек мықты адвокат пен темірдей мінез керек деген еді.
«Жұлдыз, айналайын! Сұхбатыңды тыңдадым. Адам ашынғанда ғана соңына дейін барады! Құдай саған жұмсақ жүрек, дархан көңіл, сұлулық берген. Енді өзің үшін, балаларың үшін жүрегіңді тас қыл, көңіліңді мұз қыл, сұлулығыңа бет қаратпайтын қатулық қос! Әділет іздеген адам осының бәрін сауыттайын киіп жүруге мәжбүр болады. Бұл – «соғыс!». Алаяқтар тайраңдап, өз төрімізді өзімізге көр қылуға дейін барады. Сыртымыздан күліп отырады. Мен де көрдім ондайды! Біреудің адал нанына таласып, біреудің баласының ауызынан дардай басымен тартып алуға арланбайтын көргенсізді. Күрес. Белді бекем бу», — деп жазды Дана Нұржігіт.