Сотталған әйелдерге рақымшылық жасау керек — депутат Қарақат Әбден

Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдап, сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылыққа қатысты болмаса немесе қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, амнистия жасау туралы ұсынысын жеткізді, — деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы Massaget.kz — ке сілтеме жасап.

Депутаттың пікірінше, көп жағдайда отбасындағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Ал бүгінде 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і — көпбалалы аналар.

«1500-ден аса бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп жүр. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес: бұл — ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылыуынан айырылған сәбилер», — деді депутат.

Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистия қолдану үшін мынадай шарттар ұсынды:

  • зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
  • жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
  • көпбалалы әйелдер;
  • алғаш сотталған әйелдер;
  • жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.

«Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды», — деді ол.

Оның сөзінше, бұл халықаралық тәжірибеде де бар:

  • Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған.
  • Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды.
  • Ресей президенті 2023 жылы әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдады.
  • АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге бір неше рет амнистия жасалды

Депутаттың пікірінше, әйелдерге амнистия жасалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды; балалар үйлеріне түсетін жүк төмендейді; әлеуметтік шиеленіс азаяды; мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туады.