Ұлттық құрамадан қуылған ресейлік Черчесовке 500 мың еуро өтемақы төленетін болды

Фото: championat.com

Мемлекеттік тілді менсінбейтін ресейлік бапкер жайлы жағымсыз пікір жалғасын тоқтатар емес. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесовпен келісімшартты толықтай үзу үшін 500 мың еуро көлемінде өтемақы берілгені туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Станислав Черчесовке келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін 500 мың еуро (бес айлық жалақы) төлейтін болды, деп жазады meta-ratings.kz.

Черчесовтың бір жылдағы жалақысы 1,2 миллион еуроны құрады. Егер ресейлік маман ағымдағы циклдің соңына дейін жұмыс істеген болса, келісім мерзімі ұзартылуы мүмкін еді. Алайда ҚФФ құраманың нәтижесіне көңілі толған жоқ.

Осыған дейін ресейлік маман ұлттық құрамадан қуылғанына қатысты пікір білдіріп, өзінің әліде ресми бас бапкерліктен кетпегенін айтқан еді. Сөзінше, оның заңгерлері қазір осы іспен айналысып жатыр.