Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов емханалардың МӘМС қорынан көбірек қаржы алу үшін қандай қулыққа барып отырғанын жайып салды.
«Үш қана мысал келтірейін. МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай бар. Бір адамның 82 тісі емделген екен және «соған қаражат төлесін» деп клиника Қордан ақша сұраған. Тағы бір кейс – бір күнде бір адамға бір аурухана 32 түрлі қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес», – деді ол.
Аймағамбетовтің сөзінше қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың «заңды» жолы дейді ол.