«87 лауазымды орын бос»: Жоғары Сот Кеңесі судьяларға конкурс жариялады

Фото: vrknews

Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жаңадан құрылған кассациялық соттар судьяларының бос лауазымдарына конкурс жариялады. Қазіргі уақытта 3 кассациялық сотта 87 судьяның орыны бос тұр, деп хабарлайды Qazaq.today.

Жоғары Сот Кеңесінің мәліметінше, қылмыстық істер мен азаматтық дауларды қарайтын судьяларға орын көп.

— Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот – 39 бос орын;

— Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот – 29 бос орын;

— Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот – 19 бос орын.

«Кассациялық соттардың судьялары үшін конкурсқа қатысуға «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтар жіберіледі», — делінген ҚР Жоғары Сот Кеңесінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, 2024 жылдың 27 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен Астана қаласында 3 кассациялық сот (азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша) құрылды, олар өз жұмысын 2025 жылғы 1 шілдесінен бастайды.