Ақтөбеде кепілде болған әйел жансақтау бөлімінен стационарға ауыстырылды. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған Qazaq Today ақпарат порталы.
Телеарнаның хабарлауынша, әйелдің қауіпсіздігі үшін палатаға күзет қойылған, оған дәрігерлерге ғана кіруге рұқсат етілген. Науқас ауруханаға жабық бас-ми жарақатымен, ми шайқалу белгілерімен, бірнеше дене жарақатымен түсті.
«Әйелдің жағдайы орташа ауыр, науқас толық есін жиған, адекватты, сұрақтарға жауап береді. Оған консервативті терапия тағайындалды, ол қазір бөлімшеде осы тағайындалған емді қабылдап жатыр, жағдайының орташа ауырлығына оқиғадан кейінгі психологиялық фактордың да әсері бар. Психологтармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз», — дейді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Оражанов.
Еске сала кетсек, 13 қаңтардан 14-іне қараған түні әлеуметтік желіде белгісіз біреу Ақтөбедегі үйлердің біріне кіріп, бойжеткенді кепілге алғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін полиция өкілдері бұл ақпаратты растап, 13 қаңтарда кешкі сағат 20:00 шамасында жедел басқару орталығына адамдарды кепілге алу фактісі бойынша хабарлама түскенін мәлімдеді.