Үкіметте жаңа министр ант берді

Жаңадан тағайындалған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында ант берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жуырда Президент Жарлығымен Азамат Есқараев Әділет министрі лауазымынан босатылған болатын. Оның орнын Ерлан Сәрсембаев басты.

«Қазақстан Республикасының халқы мен Президентінің алдында, өз Отаным – Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне өзімнің барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі және дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге  ант етемін», – деді ол Үкімет отырысында.